TOi BiZNES.kz "Тоймен бөлісті"!

TOi BiZNES.kz "Тоймен бөлісті"!

Елбасының жарлығымен бекітілген 1-наурыз «Алғыс айту күні» қарсаңында TOiBiZNES.kz интернет порталы бастама көтеріп, Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен, «Қайырымды жандар» белсенді еріктілер тобымен бірлесіп 13-ақпан күні Алматыда «Той-мен бөліс» атты қайырымдылық шарасын өткізді.

Істің басын жақсылықпен бастау қанымызда бар қасиет. Нарыққа енді шыққан TOi BiZNES.kz компаниясы алғашқы жарнамаға бөлінген қаражатты қайырымдылыққа жұмсауға ниет етті. Ірі мал құрбандыққа шалып, құран оқытты. Жаңа іс бастаған жас кәсіпкерлерге, барша халыққа үлгі болуды мақсат тұтты.

Шара басталардан бір апта бұрын әлеуметтік желілерде жас кәсіпкерлерге, халыққа үндеу жолдап, "Тоймен бөліс" қайырымдылық акциясы туралы видеоролик жарияланып, шарттары толық түсіндірілген. 13-ақпан күні TOi BiZNES.kz компанияcы атынан бір жүк көлігі ең қажетті азық-түлікпен толтырып, екінші жүк көлігі бос қойылды. Мұндағы мақсат – әркімге үлес қосуға мүмкіндік беру.

Ақпанның аязына қарамастан ниет білдіріп, үлес қосуға асыққан жандарды Зивара, Жан Ахмадиев, Айбар Серкебаев, Жанар Даукеева, Әсет Есжан, Олжас Абай, Диас Майкеев, Бек Нұр сынды бірқатар танымал өнер жұлдыздары да өз үлесін қосып, әнімен тербеп, жанға жылу сыйлады. 

Зивара, әнші:

— Жастар жақсы бастама көтерген екен. Мен де өз үлесімді қосуға асықтым. Мен әкелген азғантай дүние мұқтаж бауырларымызға демеу боп жатса, одан асқан бақыттың керегі шамалы.

Жан Ахмадиев, заманауи жырау:

— Бұл шараға қатысып, өз үлесімді қосу менің азаматтық парызым деп білемін. Қарнымыз тоқ боп жүргенінен не пайда, аш отырған бауырымызға бір қап болса да азық әпермесек? Алда осындай бастамаларға қуана атсалысқым келеді. Біз біріксек қоғам түзеледі. Мейірім артады. Қазақты қайырымдылық құтқарады!

Айдын Тоқсанбаева, «Қайырымды жандар» белсенді еріктілер тобының ұйымдастырушысы:

— Мен осы ұсыныс түскенде қатты қуандым. Тобымызбен бірлесіп атсалысуға асықтық. Еріктілер ғана емес, жас кәсіпкерлер де қатысып жатса, ол үлкен жемісті іс. Шара барысында көптеген адамдар өз үлестерін қосты. Жақын жердегі дүкеннен пакеттерін қыстырып, қаптап келіп жатты. Осындай ұйымшылдықты көргенде көзіме жас келді. Бізде мұндай шаралар көп өтуі керек. Қайырымдылық жасау үшін уақыт пен ақша керек емес, ниет қажет. Бастаманың авторы «Toibiznes.kz» порталына алғысым шексіз. Осы эстафетаны өзге жас кәсіпкерлер жалғастырып кетеді деп ойлаймын.

Әлемді шарлап, интернет жұлдызына айналған саяхатшы Лена әже де шараға атсалысып, өз үлесін қосып, ұйымдастырушыларға ақ батасын берді.

Лена Тоқсанбаева, саяхатшы әже:

— Қазіргі жастар мені қуантады. Саналы ұрпақ тәрбиеленіп келе жатыр. Біреуге қол ұшын созу адам бойындағы ең асыл қасиет қой. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей бір тамшы үлесі олардың болашағын жарқын етеді. «Қолы ашықтың жолы ашық» демей ме қазақ. Мен ырзамын бүгінгі ұрпаққа. Бастаған істері жемісті болсын!

Түс ауа екінші жүк көлігі "Қайырымды жандар" тобының еріктілері мен жиналған халықтың қосқан үлесінен толтырылып, азық-түлік таратуға жолға шықты. 

Сағат 15:00-де "TOi BiZNES.kz" компаниясы атынан толтырылған көлік Талғар қаласына аттанып, мешіт пен шіркеуден алынған тізімі бойынша тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйін бетке алды.

Компанияның барлық қызметкері тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік таратып қана қоймай, олармен сыр бөлісіп, шүйіркелесіп қайтты. 

 "Қайырымды жандар" белсенді еріктілер тобымен бірлесіп өткізген шара өз мақсатын толық атқарды! "TOi BiZNES.kz" компаниясы атынан 10 отбасына, халықтың атсалысуымен толтырылған жүк көлігінде 22 отбасына жеткілікті көлемде азық-түлік таратылды. Шара ұйымдастырудағы мақсат - "TOI BiZNES.kz" брендін көпшілікке таныстыруды қалыпты формадан тыс, қоғамға пайда келтіретін бағытта жарнамалау.  "TOi BiZNES.kz" порталы жоспарлаған нәтижеге қол жеткізді!

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.