Өкіл әке, өкіл шеше

Өкіл әке, өкіл шеше

Біз білеміз туысқандық – адамдар арасындағы қан бойынша жақындық және жақын қарым-қатынасты. Еліміз ежелден-ақ туыс-туғанға бай халық. Сондықтан болар, той жасасақ ең азы 200-300-ге баратыны, ең көбі 700-ден асатыны. Жаңа ғана танысқан адаммен біраз жөн сұрассақ аяғында туыс болып, таныс болып шығатынымыз. Бұл халқымыздың бауырмалдығында, ағайын-туысқа деген ерекше ықыласында. Одан бөлек көршісін ерекше сыйлап, дос-жаранын туыстай көруінде. Әрбірінің өз алатын орны, туысқандық маңызы бар. Соған байланысты туыстық атау да қойылған. Олар сан алуан. Ең жақыны әке-шеше, баладан басталып құда-жегжат, өгейге дейін. Солардың бірі өкіл әке және өкіл ана.

Өкіл әке-шеше баланың туған ата-анасының келісімімен қойылатын туыстық қатынас, туыстық атау. Жалпы қазақ халқы жетімді жылатпаған халық. Өкіл әке деп өз ұрпағына ер бала болмаған әкенің туысқан немесе дос-жарандарынан жетім қалған балаға өкілдік жасап асырап алуы. Өкіл әке-шеше деген аты ғана болмаса олар да балаға туған ата-анасындай қамқорлық жасап өз мейірімдеріне бөлеп, балаларынан кем көрмей өсіреді. Кейінен қазақта қимас дос-жарандар арасында бір-бірлерінің баласын өкіл ұл-қыз (бала) сайлап қоятын жайттар жиі кездескен. Бұл ұрпақтарымыз бір-бірлерімен туғанындай араласып, бір отбасыдан шыққан балалардай ауызбіршілігі жарасқан болсын деген ниетте. Бұдан бөлек ер жетіп есейген ұл-қыздардың өздеріне жақын тартып, сырласы-мұңдасы болып кеткен үлкен азамттарды өкіл әке, өкіл шеше қылып қалап алу да кездеседі. Келісім бойынша тағайындалған өкіл әке мен шеше өкіл баласының қуанышын бөлісіп, қайғысын бірге көтеріп мұңдас, тілеулес болады. Бала да соған сай туған ата-анасындай көріп, олармен жақын қарым-қатынаста болады.

Бұл салт қазір де сақталған. Дегенмен, оны Қазақстанның барлық аймағында кездестіру екіталай. Себебі, өкіл әке мен өкіл шешені тек асырап алған ата-ана кейіпінде елестетін жерлер көп. Оның үстіне өкіл әке мен өкіл ана қызметін нәресте туғанда кіндігін кесіп, шығарып алатын кіндік шешемен шатастырып жатады. Алайда ежелден жеткен ғұрыпты жақсы жағынан жандандырған жерлер де бар. Мысалы: оңтүстік, көбіне Қарасай және Жамбыл аудандарында жаңадан шаңырақ көтергелі отырған жас отбасыға алдын-ала өкіл әке, өкіл ана тағайындау салты кездеседі. Яғни, жас келін мен күйеу жігітке арнап өкіл әке-шеше даярлау. Әрине қыз бен жігіттің өздеріне жақын тартқан адамдары, қалаулары болса олардың тілегін орындап айтқан адамдарын тағайындайды. Ал егер, ондай таңдаған адамдары болмаса ата-аналары келісіп өздерінің жақын араласатын дос-жарандарының, жора-жолдастарының арасынан таңдап қояды. Жас отбасы үшін таңдап қойылған өкіл әке мен өкіл шешенің алатын орны ерекше. Себебі, жастар арасында алғашқы уақытта орын алатын түсініспеушілік, кикілжің, ұрыс-керіс кезінде оларға ақылдарын айтып, кеңес беру, үлгілі отбасы болуға тәрбиелеу осы өкіл әке-шешенің міндеті. Оның үстіне отбасында болған қандай да бір жағдайды туған ата-анаға айтып ауыртпалық салғанан көрі, арнайы тағайындалған өкіл әке-шешесіне сырларын бүкпей айтып бір шешімге келу жастар үшін жеңілірек. Осылардың барлығын қорта алғанда өкіл әке мен өкіл шешенің атқаратын қызметі ата-ананың қызметімен теңдес болып тұр. Бұл бүкіл еліміз үшін таратып ұстануға тұрарлық ерекше салт-дәстүрдің үлгісі.

Өкіл әке және өкіл шеше әр заман бөлігінде әртүрлі орындалғанымен ең бастысы мағынасы балаға туған ата-анасындай болып қамқорлық көрсету. Ертеректе ол жетім қалған дос-жаранының, туғанының баласын өкілдікке алып өз баласынан кем көрмей өсіріп жеткізу болса, бүгінде ұрпақты жақындастыру, бауырмалдыққа үйрету және жас отбасыға ұзақ әрі бақытты шаңырақ құрудың жолын көрсету үлгісі болып тұр.  

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.