Нәрестеге ат қою

Нәрестеге ат қою

Кішкентай бала дүниеге келгенде, әрбір ата-ана оған жақсы ат қоюға тырысады. Кейбір адамдар қазіргі заманға сай заманауи есім қоюға тырысса, кейбіреуі бұрынғы заманнан казіргі уақытқа дейін адамдардың есінде қалған аттарды қояды. Кейбір ата- ана балам ұлы болсын деп, баласына ұлы адамның есімін береді. Мысалы Қабанбай сияқты батыр болсын деп, Ерасыл деген ат береді (Қабанбай батырдың шың аты).

Жалпы, балаға ат қоюдың бірнеше түрі бар. Әр қайсына жеке тоқталып өтейік. Ат қоюдың бірінші түрі- азан шақырып ат қою. Ат қоюдың бұл түрі,  ислам дінін қатты ұстанатын отбасыларда таралған. Нәрестенің әкесі, баланың басын қыбылаға қаратып ұстайды. Азан шақырып ат қоятын молда, намаз оқиды. Кейін азан айтып, нәрестенің оң құлағына әке - шешесі, немесе басқа туыстары таңдаған атты айтады. Сосын құран аяттарын оқиды. Осы рәсім 3 рет қайталанады. Кейін дұға оқылып, бата беріледі. Осы рәсімге қатысқан баланың туыстары, ата анасына «балаң үлкен азамат болсын, мықты болсын» деп тілектер айтады. Балаға ат қоюдың екінші түрі – үлкен кісіге ат қойғызуы. Нәресте туылған кезде, есімді жасы үлкен, абыройлы атасына қойғызады. Баланың атасы болмаса, басқа қарияға, немесе атасынан кейінгі үлкен адамға қойғызады. Нәрестеге есім қоюдың үшінші түрі -ырымдап ат қою. Бұрынғы заманда ат қоюдың осы түрі қазақ халқында кеңінен таралған. Мысалы нәресте туылғанда, ең бірінші кездестіретін адамның атын қойған. Осыны жақсы ырым деп ойлаған. Балаға көз тимесін деп, оған мағынасы жағымсыз келетін аттарды қоятын. Мысалы: Майкөт, Сасықбай, Қисық, Қойшыбай деген аттарды қойған. Қазіргі кезде аттардың бұндай түрлері өте сирек кездеседі.

Нәрестеге ат қоюБұрында нәрестеге пайғамбарлардың, батырлардың және т.б ұлы адамдардың есімін берсе, балаға ауыр болады, ауырып қалуы мүмкін деп ойлаған. Сол себептен бала ер жеткенге шейін еркелетіп, басқа есіммен атаған. Мысалы атақты жазушы Ыбырай Алтынсаринның шын есімі – Ибраһим. Оны еркелетіп «Ыбырай» деп атаған. Абай атамыздың да шын аты Ибраһим. Зере әжесі оны еркелетіп Абай деп атайтын. Бала мықты болсын деп оған Болат, Темірхан, Тастемір сияқты аттарды қояды. Егерде отбасында балалар аурудың себебінен болсын, басқа себептермен болсын жиі қайтыс болса, келесі туылған баланың атын Амангелді, Аман, Тұрсынбек, Тоқтасын, Амангүл деп қойған. Балалардың жасы ұзақ болсын деген үмітпен оларға Сексенбай, Тоқсанбай, Жанұзақ, Мыңбай деген есімдерді қояды. Атақты, абыройлы, болсын деген ниетпен Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Абай, Ыбырай сияқты аттарды қояды. Егерде баланың бетінде немесе денесенде ерекше белгілер болса (қал немесе мең) онда оған Қалдыбай, Қалдыгүл, Анарбай, Меңдігүл, деген есімдерді қояды. Кейбірде баланың есімін туылған айына немесі күніне байланыстырып қояды.  Мысалы, қаңтарда туылса  Қаңтарбай, наурызда туылса Наурызбай, сәрсенбіде туылса Сәрсен деп қойып жатады. Ислам дінін қатты ұстанатын отбасыларда, балалардың аттарын Дінмұхаммед, Осман, Ибраһим, Иса деп қояды. Қыз балаларға болса қымбат асыл тастардың, маталардың, аспандағы айдың, жұлдыздың аттарын қойып жатады. Мысалға Айман, Айгерім, Жұлдыз, Меруерт, Гауһар деген және т.б аттарды қояды. Қазіргі кезде басқа елден (иран, түрік, араб, татар, ұйғыр) енген аттар өте жиі кездеседі. Мүмкін ол аттардың естілуі әдемі болғандықтан шығар. Бірақ қазақ болғаннан кейін, қазақша ат қою абзалырақ болатын шығар.

Ғалымдар  адамның есімі, оның тағдырына әсер етеді деп айтады. Кейбір адамдар балаларына Азиада, немесе сериалдағы кейіпкерлердің атын қойып жатады. Сондықтан атты дұрыс қоя білу тиіс. Ат қоюға жеңіл көзбен қарамау керек.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.