Құйрық бауыр асату

Құйрық бауыр асату

Құда-құда деседі

Құйрық бауыр жеседі.

Құйрық бауыр жескен соң

Нағыз құда деседі.

Төрде отырған бас құда

Бас құда болса да

Сақалы бар жас құда

 

Мен ұсынған құйрықты жей қойшы бас құда – деп әндетіп, құйрық бауыр асату көне салттың бірі. Ендеше, бұл мақалада тойға келген құдаларға «Құйрық бауыр асату» дәстүрі туралы баяндайтын боламыз.

Құйрық бауыр асату – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Осы күнге дейін ұл-қыздары шаңырақ құрып, қуанышқа кенелген әрбір отбасында бұл дәстүр орындалады. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Келген басқа қонақтар (мысалы, жігіт жақтың тойына келген қыздың туыстары) астан ауыз тиеді. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бүгінгі күні ол ақшалай түрде беріледі. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі.

Құйрық бауыр асатуҚұйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған. Кез келген салт-дәстүрдің орындалуында, бір халық болғанына қарамастан өңірлерге байланысты біраз өзгешелік болатынын білеміз. Мысалы: құйрық бауырды асату уақытына қарай әр кезде беріледі. Бір жерлерде құдалар тойға келгенде қарсы алу ретінде берілсе, бір жерлерде той барысында соңына қарай беріледі. Оған қоса, құйрық бауыр асату кезінде айтылатын әннің сөзі әр жерде әр түрлі болғанымен, барлық жерде айтылу мақамы бір. Ең бастысы дәстүр халық санасынан өшіп қалған жоқ. Ол заманына қарай жаңғырып ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сақталып келеді.

Құйрық бауырды асату реті мен заңдылықтары осы. Әрине, бұл бүкіл Қазақстан қалалары үшін ортақ деп айта алмаймыз. Бірақ, құйрық бауыр асатудың негізгі мән-мағынасы барлығы үшін ортақ. Айырмашылық берілу уақыты мен асату кезінде айтылатын әннің сөзінде ғана болуы мүмкін. Қазақ үшін бауыр мен құйрық май қай жерде болмасын біреу ғана емес пе? Ең бастысы дәстүрді орындау, жаңғырту, ұрпаққа түсіндіріп, мұра ету. Тек сонда ғана ұлттық құндылығымыздың басты белгісі салт-дәстүрлерімізді сақтап қаламыз. Қазағымыздың тойы бітпесін!

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.