Киіт кигізу

Киіт кигізу

Қазақ халқы ұлттық сана-сезімін, ұлтық болмысын әлдеқашан қалыптастырған. Біздің сан ғасырдан бері қалыптасқан және осы күнге дейін мұра болып жеткен наным-сенім, салт-дәстүріміз бұның айқын белгісі. Әрбір дәстүрдің қалыптасуында терең мән бар, әрбір тиымының өзі қазіргі күннің өзінде маңыздылығын, мән-мағынасын жоғалтпаған. Әрине, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» - дейттіндер де кездеседі. Бірақ, бүкіл халық заманауи үлгіге көшіп, батыстың ықпалына өтіп кетті деп айталмаспыз. Керісінше, бүгінгі күні халқымыздың көбісі ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып, қыздарын қазақы нақышта ұзатып, келіндерін ұлттық стильді ұстана отырып босаға ататуға әуес болып жүр. Бұл да дәстүріміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, келешек буынға дәріптеліп жатқанының айқын белгісі.

Заман өзгереді, жас буын өзгереді, ұрапағымыздың санасы өзгереді. Бірақ, әрбір ұлттың құрылу тарихында халықпен бірге қалыптасқан салт-дәстүрі, наным-сенімі, жөн-жоралғысы, көзқарасы өзгермейді және өз халқының дәстүрін ұстанатын адамдар да уақыт өте жойылып кетпейді. Қазақ халқында да дәл солай. Қандай заман келмесін, қандай күн тумасын салтымызды аяқ асты етіп, өткеннің еншісіне қалдырғымыз келмейді. Қайта, барынша дәріпеуге тырысамыз.

Киіт кигізуБұл мақаламызда көнеден бүгінгі күнге мұра болып жетіп, орындалу жүйесін өзгертпеген тағы бір жоралғы туралы сөз етеміз. Халқымыз сыйластықтың басты белгісі – тарту-таралғы, сый-сияпат, кәде деп есептеген. «Алмасаң, бермесең жат боласың» - демекші туыс-туған, құда-жекжат арасында сыйластық, таныстық, жақындық болуы үшін кәде сый беруді түрлі себептерге байланыстырып дәстүрлердің сатысына енгізіп қойған. Себептеріне байланысты сый ұсынудың түлері де сан алуан. Солардың бірі – «Киіт кигізу».

Киіт кигізу – құдалар арасында той кезінде жасалатын кәде сыйдың бір түрі. Бұл – қазақ қалқында көнеден қалыптасқан және осы күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан жоралғы. «Құдалық белгісі киіт» - демекші отбасында қуаныш болып қызымыз ұзатылып, ұлымыз келін әкелсе: «құда-құдағиға не кигізіпті, не беріпті?» – деп бірінші кезекте киген киітін сұрайтын халықпыз. Құдаларға берілетін киітке негізінен киімдер: тон, бағалы бас киімдер, түлі сырт киімдер одан бөлек: кілем, бағалы бұйымдар беріледі. Онда да әрине, құдалардың лауазымына, деңгейіне мән беріледі. Бүгінгі күнде де киім, бұйымдарды киіт ретінде сыйға беру дәстүрімізде сақталған. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз жігіт жоқ» деген бар. Тіпті құдалық болмай, қалың мал берілмеген күннің өзінде құдаларға киіт кигізіледі.

Аңғарғаныңыздай киітті негізінен жігіт жақтың құдалары әкеледі. Бірақ қазір жігіт жақтан киіт келеді деген қатып қалған қағида жоқ. Бүгінде жігіттің ата-анасы қыздың ата-анасын, үй ішіне шамасына қарай бағалы сыйлықтарын, көбіне алтыннан жасалған бұйымдарын ұсынады. Ал, қыздың туыстары соған сай сый құрметін көрсетіп тарту жасайды. Қазір, еліміздің көп бөлігінде құда-құдағиға қымбат бағалы тастары бар алтын бұйымдар сыйға тарту әйгілі болып келеді. Салт-дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді дегенімізбен, еліміздің әр аймағының өздеріне тән ерекшеліктері бар екені айқын. Соған сай, әр аймақтың халқы дәстүрлерді өздеріне қарай икемдеп алғанын ескеру керек. Бұл – кейбір салт-дәстүрлердің әр жерге байланысты өзгеше орындалатынын білдіреді. Мысалы: жоғарыда атап өткендей кей аймақтарда тек жігіт жақ киіт кигізсе, қыз жақ құдаларды күту, дастарқан жаю сияқты затарға қаражат жұмсайды. Ал, кей аймақтарда екі жақ та бір-біріне киіт кигізіп, тарту таралғы жасайды.

Қай заманда болмасын қазақ халқы қонақжай, «меймандос» халық ретінде сыйпаталады. Халқымыз келген қонаққа, құда-жекжатқа, туыс-туғанға қашан да сый-құметпен қараған. Және  құдалар арасында бір-біріне тарту-таралғы жасау тек осы киіт кигізумен ғана шектелмей, жастар өмірінде орын алатын әрбір қуанышқа сый жасауға дәстүрлер шеңберінде қашан да себеп табылған және соған сай салт қалыптасқан. Олардың барлығын біз осы күнге дейін орындап келеміз.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.