Қалың мал

Қалың мал

Әрбір халықтың тек өзіне тән салт-дәстүрі – атадан балаға қалған ең басты мұрасы. Адам өмірінің сәні мен мәнін кіргізіп, мағыналы ететін де осы салт-дәстүр. Әрбіреуінің өзіне тән ғажабы,  мағынасы бар. Ол халықтың жылдар, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы.

Қазақ халқының сан түрлі салт-дәстүрге бай болуы оның рухани бай екендігін, мәдени жағынан сауатты екендігін көрсетеді. Ұлын ұлық қылып, қызын қылықты қылып өсіруде дәл осы жөн-жоралғылардың алатын орны ерекше. Дәстүр арқылы ұрпағымыздың бойына ешкімге тән емес қазақ халқының қасиеті дариды.  Шыр етіп дүниеге келген сәттен сәби есейгенше қазақы салт-дәстүрмен, наным-сенімдермен тәрбиеленеді. Үйдің ұлы мен қызы шанырақ көтеріп бөлек шығуы да дәстүрге сай жүргізіледі. Қыз алысып, қыз берісу, құда болу ерте ме, кеш пе орындалатын шарт іспетті. Некелесудің әр үрдісі бірнеше сатыдан тұрады. Олардың әрқайсысы әдет-ғұрыптар мен ырымдарға сай өткізіледі. Солардың бірі келін түсіріп отырған отбасының қыздың отбасына «қалың мал» беру салты.

«Қалың мал» - халқымыздың ертеден осы күнге жеткен салты. Қыз жұртына берілетін қалың мал қыздың құны емес. Қыз баланы дүниеге келегеннен әр отбасы аялап өсірген.  Бағып-қағып, анасының ақ сүті мен әкенің адал күшін жұмсап мәпелеп өсіруге төккен тері үшін ата-анасына берілген сый кәде ғана. 

Ол негізінен, қалыңдыққа құда түсіп кеткеннен кейін жасалатын салт. Күйеу жігіттің жағы «қалың мал» береді. Оның құны байырғы заманда ірі-қара малмен бағаланған. Бұл салттың өзі терең мағына береді. Ежелден ата-бабамыз келін түсіріп «қалың мал» төлеген жаққа қарағанда қыз берген отбасы көп шығынға ұшырайды деп білген. Шығынның басым көпшілігі қыз жасауына жұмсалатыны да белгілі.

Себебі, қазақ халқы қызғалдақтай мәпелеп өсірген қызын ел қатарлы ұзату үшін ешнәрсесін аямаған. Сондықтан да, қалың малды осы шығынның орнына берілетін кәде сый деп білген. «Қалың мал» көлемі құдалардың әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы дәрежесі мен дәулетіне қарай белгіленген. Әдетте оны екі жақ ақылдасып, бір ортақ ойға келіп шешеді.

Қазіргі заманның «қалың мал» беру үрдісі біршама өзгерген. Атауының өзі «қыз кәдесі», «ана сүті» т.б деп әр аймақта әртүрлі атап  жатады. Байырғыда кедей тұрмысты отбасылар арасында бес-алты малмен берілсе, жағдайы келіскен бай, би-болыстардың отбасы жүздеп, мыңдап жылқы берген. Оны дәрежесін көрсетіп, бүкіл қазақ даласына әйгілі болу үшін, дәулетін таныту үшін жасаған. Бүгінде қалың мал көбінесе ақшалай ұсынылады және оның көлемі жігіттің шама-шарқымен есептеліп, құдалардың келісуімен анықталады. «Әр елдің салты басқа» демекші қалың мал көлемі әр облыс, аймаққа қарай да ерекшеленеді. Тағы бір айта кететін жайт қыздың алған білімі мен лауазымы да ол үшін берілетін қалың мал құнын жоғарылатады.

Енді, әр аймақтың қалың мал  құнын салыстыру мақсатында жүргізілген сауалнамаларды қарастырып өтсек. Алматы, Аматы облысының нақты құны белгіленбеген. Дегенмен, қалыңдықтың оқыған жері, алған білімі кәде сыйдың көлеміне әсер етеді. Қалың мал көлемін жағдайын көрсетіп, дәрежесін таныту үшін бірнеше мың доллар көлемінде беретін отбасылар да бар. Барлығы да құдалар келісімімен тағайындалады. Елордамыз- Астанада қомақты ақшадан бөлек пәтер мен көлік кілтін бөлек ұсынатындар қатары көп кездеседі. Еліміздің оңтүстігінде қалың мал көлемі әртүрлі. Қыздың білімі мен жұмысының болуы бұл жақта да ерекше мәнге ие, соған байланысты қалың мал құны да жоғарылай түседі. Бұл жақта кәде сыйдың көлемін, қанша ақша (ірі-қара), қанша бұйым болу керектігін өздері айтатын жағдайлар жиі кездеседі. Қыздың отбасы қойған талапқа құдалар жағы да қарсы келіп жатпайды. Орталық Қазақтанда қалың малдың орнына «мал байлайды». Яғни, қалыңдықтың артынан кілем жабылған жылқы малын береді. Егер жылқы болмаса сол жылқының құнындай ақша береді. Ал солтүстік, батыс аймақтарда «қалың мал» беру деген жиі кездеспейді. Себебі бұл жақтарда көбіне тойды дүркіретіп өткізу маңыздырақ. Сондықтан екі жақтың құдалары бір-біріне бағалы сыйлықтар жасайды. Ең басты кәде сый ол жігіт жақтың ұсынатын «ана сүті» ақысы. Бұл «қалың мал» орнына жасалатын сый десе де болады. Сонымен қатар бұрын берілген киім-кешек, бағалы сыйлықтар қазір тұрмыстық техника түрінде де беріледі. Қорыта айтсақ, қыз қалыңына ең жоғарғы баға Орталық және Оңтүстік Қазақстанда болса, Шығыс және Батыс Қазақстанда сұралатын қалың мал көлемі қалыпты бағада екен.

Дегенмен бұл жүйені жеңілдетудің жолдары да жоқ емес. Қалың мал төлеуге шама-шарқы жетіңкіремеген жағдайда келісіммен алып қашу деген де бар. Бұл қалың мал төлемеуге болады деген сөз емес, тек оның құны айтарлықтай азаяды және екі жақтың келісімімен орындалады. Қалай болған күнде бұл салт, жоралғылардың астарында үлкен мән бар. Біз тек соны орнымен қолдана білуіміз керек.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.