Иткөйлек

Иткөйлек

Отбасында сәбидің дүниеге келуі ерекше қуаныш болып саналады. Нәрестенің дүниеге келуі отбасы мүшелерін мәре-сәре күйге бөлейді. Мейлі кенже болсын, мейлі тұңғыш болсын әр баланың өз орны бар. Қызын қылықты болуға, ұлын батыр болуға баулыйтын қазақ халқы үшін нәрестенің тәрбиесіне туылғанынан бастап ерекше мән беріледі. Сол себепті де нәрестенің есейу кезеңінде барлық салт-дәстүрлер орындалады. Әрине дәстүрлер мен рәсімдердің барлығы да сәбидің жасына қарай өз уақытында орындалып отырады. Ата-бабамыз әрбір салт-дәстүрді терең мағыналы, өзіндік мәні бар деп санаған. Тіпті бүгінгі күнге жеткен дәстүрлер де мәнін жоғалтпаған және ғылыми түрде де дәлелденген. Мысал ретінде сәбиді қырқынан шығаруды алып қарауға болады. Дүниеге келген сәби мен жас босанған ана үшін алдағы қырық күн денсаулықты қалпына келтіріп, сәбидің қоршаған ортаға қалыптасу кезеңі болып саналады. Қырық күнге дейін баланы тұз бен сабынды суға кезектестіріп түсіріп, жылы ұстауға тырысады. Оған қоса қазақ халқы наным-сенім, ырым-тыйымға ерекше мән беретіндіктен жас босанған келін қырық күнге дейін адамдар көп жиналған орындарға шығуға қарсы. Тек, қырық күн өтіп баланы «қырқынан шығару» салтын өткізгеннен кейін рұқсат етіледі. Бұл күні арнайы қонақ шақырып қырық шелпегін жасап, шашын, тырнағын алып, қырық қасық суға шомылдырып дәстүрді орындайды.

Сәбиді қырық шелпегін жасағанда бірге орындалатын рәсімдер реті бар. Мысалы иткөйлек беру. Бұл дәстүр, рәсімге қарағанда наным-сенімге көбірек келеді. Ең алдымен инткөйлек дегеніміз қандай көйлек екендігіне анықтама бере кетейік. Иткөйлек – сәби дүниеге келгеннен бастап қырқынан шығарылғанға дейін киетін көйлегі. Нақты айтатын болсақ әр күні нәрестені суға түсіргеннен кейін оны майлайды. Міне осы кезде май басқа киімдеріне өтпес үшін арнайы тігілген көйлек. Сәбидің терісі жұқа әрі әлсіз болғандықтан көйлектің тігісі батпас үшін сыртына қаратылып тігіледі. Бұрындары бұл көйлекті алдынала сәбидің кіндік шешесі етіп сайланған әйел нәресте дүние келгенше арнай дайындап тігіп қоятын болған. Бүгінде бұл үрдіс сақталған. Себебі, сәби дүниеге келгенде перзентханадан шығарып алатын кіндік шешесі бірінші кидіретін иткөйлек, жаялық, көрпесін ала келеді. Өз қолымен тікпесе де дәстүрді сақтап алып келеді. Бұл да қуануға тұрарлық жайт.

Ал бұл ырымның мәні неде? Қырқынан шығаратын күні сәбидің дүниеге келген күнінен бастап киген иткөйлегі қонақ болып келген әйелдердің ішінде сәби көтере алмай жүргендер болса шаршылап бөлініп беріледі. Мағынасы: «нәрестелі болып, дәл осындай қуаныш сіздің үйде де орын алсын» дегенді ырым еткен. Ал егер ондай келіндер жоқ болса, иткөйлекке қант-кәмпит, құрт-ірімшік, тәттілер салып түйіп иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті ұстап, түйіншекті бөлісіп алады. Бұл сәбидің басында қандай да бір пәле-қала болса төр аяқты хайуан оны өзімен әкетсін дегенге келеді. Итті қырық жанды деп есептеген және адамның досы, жеті қазынаның бірі деп есептеген. Дәл осы себеппен де оны  - иткөйлек деп атаған. Және иттің бойында бар алғырлық пен жүйріктік, төзімділік сәбиге беріледі деп ырым еткен.

Бұл қазақ халқының кезекті бір ырымы. Ол қандай болмасын мағынасы тереңде жатқан, өзінің ойы бар болып есептеледі. Бүгінгі күні ит мойнына иткөйлек түйіндеп жібермегенімен, оны сақтап қояды. Немесе ырымдап сәбилі болсын деп беріп жатады. Иткөйлекті сақтап немерелеріне көрсетіп жататындар да бар. Қай жағынан алсаңыз да бір мәнісі бар. Бұл да қазақтың әсем дәстүрлерінің бірі. TOi BiZNES.kz сайтында бұдан  бөлек қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы ақпарат ала аласыз. Арнайы ақпараттық алаңда дәстүрлер туралы шағын мақалалар жарияланған. Бұдан бөлек өміріңізде орын алатын кез келген мереке үшін түрлі қызмет түрлерін таба аласыз. Мейлі үйлену тойы`, қыз ұзату, мерейтой, туған күн, конференция және одан да басқа түрлі тақырыптағы жиындарға арналған өнім, қызмет, ғимарат таба аласыз. Бұл сіздер үшін ерекше мүмкіндік.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.