Той иесінің қателіктері

Той иесінің қателіктері

Кез-келген той иесі қуанышының естен кетпес тамаша өткенін қалайды. Алайда, той жасауда біраз кемшіліктер де кездесіп жатады. Көптен күтіп, ерекше дайындалған мерекені ұйымдастыруда қандай қателіктер кездесуі мүмкін? Оны жоюдың жолдары қандай? Осыған орай TOi BiZNES.kz порталы еліміздің әр аймағындағы асабаларға төмендегі төрт сұрақты қойып, пікірлерін білді.

1) Қазіргі тойдың қандай кемшілігін атап көрсетер едіңіз? Сіздің пікіріңізше оны жоюдың жолы қандай?

2) Қазіргі тойдың қандай артық тұсын атап көрсетер едіңіз?

3) Қазіргі тойға өзгеріс енгізу мүмкіндігін берсе не алып, не қосар едіңіз?

4) Той жасайтын адам жіберетін ең көп қателік қандай?

 

Елдар Серікпаев, Алматы қаласы:

1) Қателіктердің бірі – той жасайтын орын таңдау барысында кей мейрамхана ішінде үлкен колонналар көп болады. Ол залдағы қонақтар тойдан бөлек отырғандай сезінеді. Оларды ешкім көрмейді, естімейді. Оларға не әу дей алмайсың, у-шу болып, тойдың шырқы сол жерден бұзылады.

Одан кейінгі қателік – адамды абыройына қарай талдау. Мысалы, ол жерде мың бас қойы, 500 бас сиыр, 200 жылқысы бар дегендей бір қонақ отыруы мүмкін. Бірақ, оған бәрібір малшы деп қарайды. Және ол жерде кішігірім бір әкімнің орынбасары, немесе кішкене бір компанияның басшысы болады. Оған сый-құрмет ерекше болуы мүмкін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп қазақ атам айтқандай деп жатады да, кез-келген қонақтың дәрежесі тең екенін ұмытып кетіп жатады. Кей тойда абыройлы бір адам кеп қалса «Ренжімеңіздер, мына баланың коллективіндегі үлкен кісілер кеп қап еді, солар сөйлеп кетсін»- деп оны тума-туыстың, нағашылардың алдына шығарып қойып сөйлетіп жатады. Асаба не істейді, нәпақасын осы тойдан алып жатқаннан кейін ештеңе айта алмайды. Кейде қарсы өз ойын айтып жатса «әй, бала, ақшаға келдің бе, айтқанды істе!» - деп қатты айтатындар да кездеседі.

2) Қазіргі көп тойдың артық кететін тұсы деп шетелден әртіс алдыруды айтар ем. Қолыңнан кеп жатса неге шақырмасқа? Десек те, салыстыра қарасақ, шетелдікке көп көңіл бөледі де, өзімізге келгенде қазақылыққа салынып: «Ей, өзімізсіңдер ғой, түсірмейсіңдер ме бағасын?!» - дейтіндер де болады. Неге өзімізді бағаламасқа? Неге өз өнімімізді тұтынбасқа? Өзімізде де дұрыс дүниелер көп қой, ізденсе. Шетел бәрібір шетел болып қалады. Оларды кем дегенде 10 мың доллардан аса бағаға шақырады да, өзіміздің өнерпаздар 5000 сұраса «Неге сонша қымбат?» деп артық айтып жататындар да кездеседі.

3) Қазақтың кей тойларындағы кемшіліктердің бірі – үйлену тойды екі жақ бірігіп жасау. Өйткені, екі жақ құда боп жатқаннан соң бір-біріне ештеңе айта алмайды. «Сен неге сөз бермедің, анау алыстан келіп еді» деп асабаның миын жейді. Әр жақ өзіне қарай тартады. Және көп адамдар той жасаймын деп кредит алып, қарызға батып қалып жатады. Абыройын артық көрсеткісі келеді. Болашақты ойлап той жасаған дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы – тойда екі жастың бақытты болғаны. Кейде адамдар «ертең ел сөйлемесе екен» деп өз жағдайларын көп ойлап кетеді. Кім не айтса да, елдің сөзі екі жасқа нан болмайды. Сөйлейтін ауыз көп, бәріне қақпақ болу мүмкін емес.

4) Қазақтың тойына күнде өзгеріс еніп жатады ғой.  Әрқайсысы өзінің ерекшелігімен, тойының қайталанбас боп өтуіне тырысады. Тойға шығып өнер көрсетіп жүрген жандарға айтарым – ізденіс болса, жұмыс жасаса, бір-бірінен ұрлау дегенді қойса! Неше түрлі дүниең болса тойға сені жиі шақырады.  Ал жалпы қазақтың тойына өзгеріс енгізудің ешқандай қажеті жоқ. Қазақтың тойы той болып қала береді. Егер өзгеріс енгіз десе тойдағы тілектің қайталанбауын сұрар едім. Кей кісілер той үстінде тұрып алып, 15 минут сөйлейді. Оның орнына той иесіне жақында да, әдемі сыйлығыңды ұсынып, құлағына сыбырлап кет. Одан асқан шынайы, керемет тілек жоқ.

 

Асқар Әбішев, Шымкент қаласы:

1) Шымкенттіктерге қатысты : Тойды кеш бастайды.Қонақтар уақтылы келуге дағдыланбаған, той кеш басталады. Ысырап,мақтангершілік,бірінен бірі асып тусуге тырысады. Салт-дəстүр жағынан əлі орыстардан, еуропадан енген үрдістерден арылмаған. Құдалық тойда сылқитып ішкізуді парыз санаймыз. Бесік тойда бесікке салатын əжелеріміздің кейбірі бөлеу ережесін білмейді. Кейде беташар тойында түскен ақшаны той иесі иеленеді. Ол негізі бет ашқан адамның еңбегі. Өзіміз талай алдық.  Ақын өзі ұсынып жастарға сыйлығым десе басқа әңгіме. Осындай кемшіліктерді жоюдың жолы дұрыс жарнама, дұрыс мəслихат, дұрыс таңдау жасау. Арнайы хабарлар,баспасөз, ғаламтор арқылы үгіт-насихат жасау.Той барысында аздап, сөздің шырынмен,  жалықтырмай, «міне, біз былай жасауымыз керек» деп  түсіндірме айтып отыруымыз керек.

2) Артық кететін тұсы - сол баяғы ысырапшылдық. Бірақ қазақ шашылып төгілмесе тағы болмайды,ол қанымызда бар. Кедей болса да тырысып-тырмысыпқарызға батып той жасайды. Ал кейбірі машинасын, берген сиын көрсетіп, жұртқа жария етуді жақсы көреді. Тойға шетел ел жұлдыздарын шақырып, удай ақша беріп, өзіміздікін менсінбеу де бар.

3) Өзгерістер аздап еніп жатыр, соны жүйеге енгізу керек. Мысалы, қыз ұзатутойдағы қызды əкесімен вальс билету, ағасы көтеріп машинаға салу деген масқара үрдісті түбімен жойып, ата-әжесі ойын түйіндеп, керемет батасын беріп, қазақтың дәстүрімен қызды əдемі сыңсуымен ұзатуды қалпына келтірсек. Бұл бар, бірақ өз деңгейінде емес.

4) Той жасайтын адам көбіне тойда тілек айтатын тізімін дұрыс жазбай, біреулер өкпелеп жатады. Дастарханға отырғызу жағы да солай. Бір-бірімен жақын адамдар бірге отырса көңілді  керемет болады. Мүмкіндігінше арақ-шарапсыз болса, сөз көбейіп, жиналыс боп кетпесе дейсің. Той иесінде тек жұртқа мақтангершілік көрсету емес, шын ниеті болса бәрі жақсы өтеді.

 

Бақтыгерей ХАЛЕЛОВ, Орал қаласы:

1) Тойдың кемшілігі – мына бізде батыс жақта тойға кешігу көп. Сағат жетіге шақырса, той тоғыз жарымда басталады. Мұны жоюдың жолы – мейрамханатарапынан талап күшеюі керек. Сонда түзелетін шығар.

2) Артық кететін тұсы – алкогольді ішімдік болса тойдың сәні кетеді. Біршама тойда көріп жүрміз. Халал той жақсы меніңше.

3) Қазіргі тойда қонақтың көңілін табу өте қиын. Көп ізденіс керек. Жаңа бағдарламалар артып жатса ғана қызықты етіп өткізуге болады.

4) Той жасайтын адам жіберетін бір қателігі – қонақ саны мен мейрамхана орны сәйкес келмейді көбінесе. Не қонақ көп болып, мейрамхана тар болады, немесе адам аз болып, мейрамхана кең боп жатады. Сосын кей той иесінде жауапкершілік аз болады. Әр нәрсені ойламайды, асабамен ақылдаспайды. Осындай қателіктер көп кездеседі.

 

Айдос Жеңісұлы, Алматы қаласы:

1) Ең бірінші кемшілік – қонақтардың  кешігіп келуі. Екінші кемшілік – кей той ішімдікпен өткен соң, берекесі де кетіп қалады. Масайған қонақтар не айтып, не қойғанын білмей шулап жатады. Үшінші кемшілік – тойда тост берсең, көп сөйлеп жатамыз. Әулет үлкендері мен құда-құдағилар ғана қысқа-нұсқа сөйлеп жатса да жетер ме еді деймін. Бұл менің жеке пікірім.

2) Қызды сағат 12-ге дейін шығарып салу керек деп жатады. Мұсылманда таң күн шыққаннан басталады. Асығып кей-кейде тойды ерте бітіріп тастаймыз. Сосын қазір қызды шаңырақпен алып шығу деген бар. Дұрыс шығар, бірақ түпкі мәніне үңіліп, сөздеріне мән бере бермейміз. Келесі - тойбастар жайлы. Тойбастарды той иесінің туған-туыстары өздері дайындаған. Оның ішінде әні бар, айтатын сөзі бар, арнау-жыры бар, беретін сый-сияпаты бар. Соны тойдың басында шашу ретінде таратса. Тойдың соңында керек емес меніңше.

3) Тойға өзгеріс енгізу дегеніміз – сәл қазақылыққа бет бұрсақ деген ниет бар. Қазір еуропалық стилге бет бұрып барамыз. Салт-дәстүрлерді көпшіліктің алдында көрсетіп, сақтап отырсақ. Шапан кигізу, орамал тағу рәсімінен бастап келін шайын ішкізу рәсіміне дейін неге көрсетпеске. Қазір қай тойды алып қарасаңыз да той иесі отырып-тұру, тілек  тыңдаудан ары аспайды. Меніңше той жасап жатқан үй сол тойдың ортасында күліп-шалқып, әр қонақпен бірге араласып, би  билеп, міндеттерін атқарып жүрсе той керемет өтеді деген ниеттемін.

4) Той жасаған адам жіберетін қателіктер көп. Соның бірі – асырам деп ақша жағынан қиындыққа ұрынып жатады. Қымбат мейрамхана жалдайды, атақты әртістерді шақырады, көп қонақ шақырады да, той соңында қаржысы жетпей қысылып жатады. Бес жүз адамға дейін шақырып жатады. Ондай тойдың берекеті болмайды. Меніңше, ең жақын деген 100-200 адамға дейін шақырып, көңілді өткізген дұрыс. Шығын да азаяды, тойдың да берекесі болады.

 

Мерей Қалиасқар, Қарағанды қаласы:

1) Халал той деп жар салып, думанға шақырады. Той барысында қышқылдатуға жақын жүретін қонақтарды көзім шалады. Арақ-шарапты тығып, арнайы сусын құйылған бөтелкеге, шәйнекке құйып әкеліп жүреді. Бұл кеңес өкіметінің тәрбиесін көрген орта буын өкілдері. Бұны бір кемшілік деп алайық. Екінші кемшілік - жас жұбайлардың бір-бірінің аузына тортты ұсынуы. Одан қалды ата-аналарына тағы бар. Негізінде дәмді xал үстінде , ауыр жағдайда жатқан адамды тамақтандырады. Сондықтан да бұл бүгінгі тойдағы өрескел қателік.

Оны жоюдың бір ғана жолы бар. Ол әр адам өзінен бастауы тиіс. Және де әрбір мейрамxана тек xалал тойға рұқсат берсе игі іс болар еді. Тортқа келсек, бірінші дастарxанның аяғында тортты ортаға шығарып, бар екенін көрсетіп, шай дастарxанда осыдан дәм тататындарын айтып, шай дастарxан бөлмесіне апару.

2) Қазіргі тойға кемінде 150-200 адам келеді. Бәрі де бір терінің пұшпағын илеп, ниеттес екендері белгілі. Алайда тілек айтуға шақырғанда олардың бәрін бірдей тыңдап тұру жастарға да, қалың көпшілікке де оңайға соқпасы анық. Сол себепті араларында  ізгі тілегін арнап келгендері сөйлеп, қалғандары қосылса жұп-жұмыр, жинақы болар еді.

3) Қазіргі тойға «жұлдыздарды» көп шақырады.Оларға кемінде 2-3 мың доллар төлеп, фонограммамен айтқан әндеріне риза боламыз. Әртіс атаулыны көк жәшіктен күнде көріп те жүрміз. Сол-ақ жеткілікті деп ойлаймын. Халық концертке емес, тойға келді. Бұрындары әр тойда қонақтар сол тойдың құрметті меймандары бір адамдай ән айтып, би билеп, тойдың мәнді де сәнді өтуіне бары мен нарын салатын. Бүгінде көштен қалмайық деп, нағыз қазақтың иісі аңқитын тойды ысырып тастаған жайымыз бар...

4) Той жасайтын адам біреуден көргенді айна қатесіз қайталамауы тиіс. Бәсекелестікке де жол бермеу керек. Әр тойдың өз қызығы мен шыжығы болары xақ. Сол себепті де өзінің тойы бір ерекше өтуіне тың дүние енгізсе меніңше жақсы болар еді. Трендтен алшақтап, қазақи салт-дәстүрді ұлықтап, дәріптеу әлдеқайда оң іс!

 

Ернар Қалым, Семей қаласы:
1) Қазақтың тойы – үлкен тәрбие мектебі. Соңғы кездері сөз саптауы жоқ, тілге, өнерге қатысы жоқ асаба әріптестерім көбейіп кетті. Сондай асабалардың кесірінен тойларда мәдениет сақталмайды. Дөрекі сөз, ерсі қылық көп орын алады. Намысты төмендететін ойындар ойналады. Тағы бір қазіргі қазақ тойының кемшілігі – ата салт-дәстүрдің сақталмай аз немесе сол көнеден қалған ғұрыптардың өзгертіліп, тойда xалыққа басқаша жеткізілуі.

Мәдениетсіз асабаларды мүлдем тойға жолатпау керек. Бұл оларды көреалмаушылық емес. Олар асабалардың атына кір келтіреді. Той иесі тойдың жүргізушісін таңдамас бұрын, тойының мәдениетті өтеріне көз жеткізуі керек.

2) Қазір бұрынғы замандағыдай бүкіл ауылға бір асаба емес. Көңілін қалаған, ұнаған асабаны таңдап жүріп аласың. Демек, той бизнес көзіне айналды. Заманауи теxника жағы да күн санап алға жылжып келеді. Тойдың бейнетаспаға жазылуы, сурет естеліктер. Керек болса тойыңызды кранмен, ұшақпен түсіріп береді. Тойдың да мәдени деңгейі осылай дамыса деймін.

3) Мүмкіндік болса әрбір үйленген жас отбасыға мемлекеттік жәрдемақы беріп, ал бір жыл толмай жатып ажырасқан жастарға айыппұл төлетер едім. Бұл менің арманым. Тойда тілек айтуды мен жиын ретінде өткізер едім. "Конференция" сияқты. Елестетіңізші, екі жүз адам бір залда. Ал ортада екі жас қана. әрқайсысы мінбеге шығып жастарға өздері дайындап келген тілегін айтса және 5 минуттан артық уақыт берілмесе. Ал той таза ән, би, күймен өткізілсе! Сырт көзге күлкілі көрінер, бұл енді тек менің өз ойым. Шаңырақ көтерген  әрбір жұп ағашқа шампан ілгенше бір тал ексе шіркін!

4) Той жасайтын адам көбінесе мейрамxана мен асаба таңдауда қателік жасап жатады. Шама-шарқына қарамай той жасап, кредит алып қарызға белшене батады. Той жасайтын кейбір "орысша" өскен қазақтар шақырылған қонағының 80-90 пайызы қазақ болуына қарамастан тойларының орысша жүргізілгенін қалайды. Тойларда дұрыс бата беретін ата-әжелер азайып барады.

 

Әлібек Серғалиев , Көкшетау қаласы:

1) Осы сұрақты мен тойға келген қарапайым  халыққа қойдым. Басым көпшілігінің айтқаны – асабалардың барлығы дерлік бір-бірінің сөзін қайталайды. Қыз ұзату қалай өтсе үйлену той да дәл сол сөздермен, сол ойындармен өтеді. Құдалығы да солай. Бір жылдан соң бала дүниеге келіп, бесік той жасаса, ол да тағы сол ескі бағдарлама, ескі әзіл, ойындармен өтеді. Тек асабалар ғана әртүрлі болады. Бұның басты себебі – асабалардың 90%-і өздері ізденбейді, біреудің дайындалып, еңбектеніп іздеген сөздерін жаттап ала салады да, айтып жүре береді. Мұның шешімі:

Біріншіден - ең алдымен асабаның өзінің жауапкершілігін сезінуі керек.

Екіншіден – мұндай болмас үшін той иелері асабаға нақты шарттар қоюы керек. «Біздің тойда ана кісінің тойындағыдай болмасын, мынадай сөздер айтылмасын» дегендей. Сонда асабаның өзі ізденіп, эксперименттер жасап, жаңа дүниелер шығарар еді.

Үшіншіден – Қазақстанның барлық аймағында болмаса да, тым құрығанда бір қалада асабалар мектебін ашу керек секілді. Сонда еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық асабалар жиналып, 10 күн жатып-тұрып, жаңа бағдарламалар, идеялар алып кетер еді. Сондай мектеп болса қазақ тойының деңгейі кәдімгідей көтерілер еді деп ойлаймын.

2) Артықшылығын айтайыншы! Байқағаным – бұрынғы тойлармен салыстырғанда,біріншіден - тойдың мәдениеті артып келеді. Баяғыдай айғай-шу, ырду-дырду азайып, айта алатын сөзің болса халық тыңдауға дайын. Екіншіден – ішімдік азаюы, немесе мүлде болмауы көрініс беріп жүр. Бұл қазақ тойының басты жетістіктерінің бірі деп ойлаймын. Осылай дами берсе адамның мәдениеті де, асабалардың деңгейі де өседі.

3) Қазір біздің солтүстік жақтарда жастардың заңды түрде неке қиюын той үстінде істейтін боп жатыр. Мен соны алып тастар едім. АХАЖ бөлімінде тіркегені дұрыс. Өйткені халық тойға жиналып күтіп, шаршап отырады да, жарты сағат тағы неке рәсімін тамашалаумен уақыт кетеді. Және жастар некелерін мешітте кейбіреулер секілді үйлену тойында емес, қызды ұзатып ап келгенде бірден қиғаны дұрыс!

4) Үйленіп жатқан жігіттің басты қателігі – өзіне жар таңдау. Той иелерінің басты қателігі – мейрамхана таңдау. Екеуі де әдемілігіне қызығып таңдай салады. (Күлді)

 

Тойдың көркін қыздырып, іші-бауырына араласып жүрген асабалар пікірі осы. Түйгеніміз - той жасауда «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстанып, әр сәтке жіті мән беріп, ерекше дайындалу  ғана үмітіңізді ақтап шығады.  Осы сынды пайдалы ақпараттарды әрқашан TOi BiZNES.kz порталынан таба аласыз!

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.