Қыз және жігіт жолдастың тойдағы міндеттері

Қыз және жігіт жолдастың тойдағы міндеттері

Қыз жолдас пен жігіт жолдастың рөлінсіз үйлену тойын елестетуге болмас. Оларда тойдың міндетті кейіпкерлері тәрізді қалыптасып қалған. Куәгер ретінде қыз бен жігіт арнайы таңдалады, бірақ оларды тек әдемі киініп тойда отырып қана қояды деп ойлауға болмас. Себебі, олардың да той салтанаты кезінде орындау керек міндеттері, қызметтері бар.

«Тойдың боларынан, боладысы қызық» - демекші той алдында да, той уақытында да қарбалас, дайындық таусылмайды. Қалыңдық пен күйеу жігіт ең жақын достарын куәгерлер орнына таңдағаннан кейін, олар да той кейіпкерлерімен бірге дайындықты жасайды. Қыз жолдас қалыңдықтың жұмыстарына көмектессе, жігіт жолдас күйеу жігітке көмектесуді өз қолына алады.   

Үйлену тойындағы қыз жолдастың міндеттері. Қыз жолдас қалыңдық дайындығы кезінде басынан-аяқ жанында болуға міндетті. Тойға дейін қалыңдықтың көйлегін, бет әрлеу, шаш үлгісін таңдауға көмектеседі. Той көйлек салондарының тізімін жасап, оларды аралағанда жанында болуға тырысады. Шақырту қағаздарын таңдау кезінде де қалыңдық қыз жолдастың көмегіне сенім арта алады.  Той алдындағы қалыңдықтың құрбыларымен бас қосу кешін ұйымдастырады, оның бағдарламасын құруға, құрбыларды шақыруға белсене араласады. Ал той күні қыз жолдастың негізгі міндетті басталады. Таң атысымен қыз жолдас қалыңдықтың бет әрлеуіне, шаш үлгісін жасатуға сән салондарына бірге барады. Қалыңдықтың той көйлегін киюіне және толықтай дайын болуына жәрдемдеседі. Жастар серуені кезінде, мейрамханаға келгеннен кейін де қыз жолдас қалыңдықтың жанында болып көйлегін, бетіндегі бояуының сақталуын, фатасын қадағалап жүреді. Және бұдан басқа да қалыңықтың қажеттіліктеріне көмек көрсетеді.

Үйлену тойындағы жігіт жолдастың міндеттері де баршылық. Шафер күйеу жігіттің біраз қызметтерін өз қолына алады. Бұлда жігіт үшін үлкен көмек. Ондағы басты қызметі бойдақтықпен қоштасу кешін ұйымдастыру. Оның қайда өтетінін ойластырып алдын ала орын жалдау. Оған бүкіл достарын шақыру. Сонымен қатар, бас қосудың қалай өтетінін ойластырып бағдарлама құру барлығы жігіт жолдастың міндетіне кіреді.

Бұдан бөлек той күні күйеу жігіттің шафері келіп оның киінуіне көмектеседі. Той серуені үшін жалданған көліктерді безендіруге көмек көрсетеді. Жалдамалы көліктердің жүргізушілеріне жол сілтейді. Серуен үшін көліктерді, қонақтарды алып жүру үшін ыңғайлап бөледі. Сонымен қатар, серуен үшін алатын сусындардың толықтығын, тіске басарлардың алынғанын қадағалайды. Жігіттің асығыста құжаттарын, гүлін, жүзігін ұмыт қалдырмағанын тексереді.

Той кезінде де қыз жолдас пен жігіт жолдас тойдың қызықты әрі көңілді өтуіне үлестерін қосады. Ондағы ойындар мен конкустарға қатысуға асабамен қатар ат салысады. Олар үшін арнайы сөз де беріледі. Қыз және жігіт жолдас ретінде олар барынша әсерлі тілек айтуға тырысады. Сондықтан айтар сөзді алдын ала дайындап алуға тырысқан жөн. Себебі, қонақтардың өзі куәігерлерден ерекше көңіл тебірентер тілек күтеді.

Жоғарыда аталған міндеттерді толық атқару куәгерлердің өз рөлін жақсы алып шыққандығын білдіреді десе болар. Той соңына дейін қонақтарды шығарып салу, қайтуына жағдай жасау жігіт жолдастың дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Той кезінде туындаған тосын жағдайлардан шығуда күйеу жігіт өз жолдасына сенім артады. Той басталғаннан кейін жігіт орнынан жиі тұрып кете алмайды сондықтан ол үшін жолдасы барлық жағдайды өз қолына алып, қадағалап отырады. Куәгерлер дәл осы көмектері арқылы бағаланады. Сондықтан, куәгерлер міндеті де өзіндік жауапкершілікті талап етеді.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі