«Алиса ғажайыптар елінде» стиліндегі той

«Алиса ғажайыптар елінде» стиліндегі той

«Алиса ғажайыптар елінде» ертегісі 1865 жылы жазылғанына қарамастан оның танымалдылығы жыл санап артпаса кеміген емес. Оқырмандарын тамсандырған ертегі желісімен кино картина түсірілгеннен кейін қызығушылық екі есеге артты. Ерекшелік пен бірегей той өткізуді қалайтын жұптардың көбісі стиль таңдауға келгенде ерекше мән береді. Оның үстіне өмірде бір рет қана орын алатын оқиға шын мәнісінде ғажайып әрі ертегіге толы болғанын кез келген жастың қалайтыны анық. Ендеше, Алисаның әлемі қандай? «Алиса ғажайыптар елінде» стиліндегі үйлену тойын қалай ұйымдастыру керек және неден бастаған жөн?

Кез келген мереке, шақырту қағазынан басталады. Ал, «Алиса ғажайыптар елінде» стиліндегі шақырту қағаздары қандай болады? Егер сіз үйлену тойын «Алиса ғажайыптар елінде» стилінде өткізгіңіз келсе, сіздің ол кітапты немесе кино картинасын көргеніңіз, оқығаныңыз анық. Ендеше, кино эпизодтарын есіңізге түсіріңіз. Шақырту қағазын ойын картасы немесе кілт стилінде жасай аласыз. Шақыру дизайнына ертегідегі танымал және басты кейіпкерлер фотосын қолдана аласыз. Қосымша ретінде дастархан нөмірін лента, кілт т.б арқылы ерекше ете аласыз.

Ертегі стилінде үйлену тойын өткізу безендірудің ерекше болатынын білдіреді. Классикалық той стиліне қарағанда «Алиса ғажайыптар елінде» стиліндегі той әлде қайда көп уақытты қажет етеді. «Алиса ғажайыптар елінде» стилінде банкет залын безендіруге ерекше көңіл бөлген жөн. Әрбір ұсақ-түйекті назардан тыс қалдырмау керек. Сол арқылы жалпы тойдың сәні кіреді. Мейрамхананы безендіру үшін алып шынаяқтар, шляпа, ойын карталары мен ағылшын сағаттарын қолдануға болады. Қонақтарға арналған қарапайым ақ және қара түсті үстел орындықтарды шахмат тастарының ретімен орналастыруға болады. Бұл ертегідегі құпияның, ойынның желісін көрсетеді. Ең бастысы – кез келген ғажайып оқиға, өзге ғалам, ертегі әлемі тек тылсым есікті ашып кірген сәттен басталатыны біз үшін белгілі. Яғни, сіз де үйлену тойының ғажайып әлемін қонақтарыңыз бен бөлісу үшін оның есігін ашып кірулеріңіз шарт. Сондықтан, декор ретінде тылсым есікті орнатуға болады. Бұл қонақтардың суретке түсуі үшін де қызықты безендіру болары айқын. Ертегінің сәнін кіргізу үшін жарқын, қанық түстерді қолдануға еш қысылмаңыздар.

Қалыңдық пен жігіттің киімдері ертегі әлеміне сай болуы керек. Ол үшін қалыңдықтың ақ көйлек киюі маңызды емес. Ол кез келген түстегі ұзын немесе қысқа көйлек кие алады. Қолына ұстар гүлі мен бет әрлеуі, шаш үлгісі де образына сай болуы керек. Немесе Алисаның көк түсті көйлегін кие алады. Сол арқылы, Алисаның бейнесіне толықтай кіруіне мүмкіндігі көп. Ал, жігіт смокинг, шляпа киюіне болады. Өз образын ерекшелеу үшін турлі түсті аяқ киім немесе шұлық кие алады. Бұл кез келген адамның таңданысын тудырары анық. Қалыңдық пен жігіттің образы анықталды. Дегенмен қонақтарды да ойдан шығармаңыз. Тойдың стиліне байланысты дресс-код қоюды ұмытпаңыз. Бұл ертегі әлемін толықтай сезінуге мүмкіндік береді.

Той ертегі стилінде өтетіндіктен онда қызықты конкурстар мен ойындар ойнатуға да мүмкіндік мол. Әр ойынды тылсым, қызықты ертегі желісімен арнайы ұйымдастырыңыз. Барынша көңілді, әсерлі ойын тойдың көңілсіз өтуінен және қонақтардың зерігуінен құтқарады.

«Алиса ғажайыптар елінде» стилінде үйлену тойын ұйымдастыруды шешсеңіз дайындық барысында тойдың әр бөлімін назардан тыс қалдырмаңыз. Ас мәзіріне де ерекше атаулар беріп, тәтті бәліштерді молынан қоюға тырысыңыз. Ал, нәтиже көңіліңізден шықсын десеңіз, тойды бар ықыласыңызбен ұйымдастырған жөн!

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі