Үйлену тойына қанша ақша берген дұрыс

Үйлену тойына қанша ақша берген дұрыс

Үйлену тойы жастарға да, олардың жақындарына да ерекше қуанышқа толы күн. Сондықтан болар, той қарбаласы тіпті шақырылған қонақтар үшін де таңсық емес. Оған мысал ретінде үйлену тойына таңдалатын сыйлықты келтіруге болады. Той қонақтарының бір тобы тойға не сыйларын білмей тұрмыстық техника дүкендерін шарласа, бір тобы ерекше сыйлықтарды іздеп интернет дүкендерді ақтарады, ал енді бір тобы не сыйларын білмей басы қатады. Солардың ішінде ең ұтымды, қажетті әрі әуреге салмайтын жолы ақша беру. Сыйлықты қаржылай ұсыну ешқашан маңыздылығын жоғалтқан емес. Дегенмен, ұятқа қалмайтындай әрі тым асыра сілтемей той иелеріне қанша мөлшерде ақшалай сыйлық беру керек? Қаржы көлемі қаладағы, аудан немесе ауылдық жағдайдағы той, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік сатылар бойынша өзгереді ме?

Әрбір той өтетін жеріне, дәрежесіне қарай әр түрлі ұйымдастырылады. Соған қарай, барлық тойға арнайы тағайындалған міндетті қаржы көлемі жоқ. Неге? Себебі, біріншіден әрбір отбасының әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Бірі қиналмастан бірнеше мыңды ұстатса, бірінің оған жағдайы келмейді. Сондықтан ең бірінші өз деңгейінде саралайды.

Екіншіден, той кейіпкерлері кім болып келеді. Әрине, ол жақын туысыңыз, әулетіңіздің мүшесі болса ақша көлемінен аяп қалуға болмас. Себебі туысқандық мағынасы әсіресе, қазақ халқы үшін ерекше орын алады. Ал егер ол танысыңыз, қызметтесіңіз болса қалыпты жағдайдағы қаржы көлемі жеткілікті болады. Бұл жағдайда қонақтардың көбісі мейрамхананың бір адамға арналған бағасын ұсынады. Мұндағы мақсат қуаныш иелерінің тойға кеткен қаржы көлемін ақтауына жәрдем беру. Мұндай сәтте ақшаның артықшылығы болмайды.

Үшіншіден, тойдың қай жерде өтетіндігі. Бұл да қаржы көлеміне өз әсерін тигізеді. Мысалы, той ауылдық жерде өтетін болса сыйлыққа апарар қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұл жерде таныс, құрбы-құрдастары 2000-5000 теңге көлемінде ақша ұсынады. Бұны ең аз көлемдегі қаражат ретінде қарастырса болады. Немесе, бұл ақша көлемін көбейтудің амалын қарастыруға болады. Қалай? Егер 5 құрбы бірігетін болса 10000-25000 теңгені құрайды. Бұл сыйлық ретінде ұсынуға әлде қайда жағымды болады.

Ал үлкен қаладағы талаптар мүлдем бөлек. Әр қалада жылдар бойы үйлену тойын ұйымдастырумен айналысып жүрген ұйымдастырушылар пікіріне құлақ салсақ. Бүгінде үлкен қалаларда үйлену тойына 5000 теңге әкелу деген жоқ. Қазіргі уақытта үйлену тойына берілетін ақша, біріншіден таныстық деңгейіне байланысты болса, екіншіден оның өтетін жері мен ұйымдастырылуына тікелей байланысты. Мысалы, үйлену тойы Алматы қаласында Ritz-Carlton –да өтетін болса, сіз тіпті жақын туысы немесе досы болмасаңыз да 100 доллар көлемінде ақша әкелуіңіз керек. Орталық, солтүстік Қазақстан облыстарында той қонағы ең аз дегенде тойға 20000-25000 мың алып бару керек деп санаса, Оңтүстік қонақтары 20000 мыңнан 100 долларға дейін дейді.

Дегенмен, сыйлық ретінде ақша беру әр отбасының қаржылық мүмкіндіктеріне сай жүзеге асырылады. Міндеттелген қаржы көлемі жоқ. Оның үстіне, егер қолында бар әрі жақын туысы болса қаржы көлемі ұлғая береді. Ал таныстар үшін аса бағалы сыйлық сыйлау, оның ішінде көлемді қаржы берудің қажеттілігі жоқ. Қазақстан бойынша сыйлыққа берілетін ең жоғарғы қаржы көлемі 300-500 доллар көлемін қамтиды.

Үйлену тойына ақша ұсыну ең ұтымды шешім. Біріншіден заттай сыйлық іздеуге немесе не таңдау керектігін ойлап шаршамайсыз. Және ол заттың қажеттілігі бар ма, ұнайды ма деген сұрақтарға бас қатпайды. Осы туындаған мәселелердің басты шешімі қаржылай сыйлық беру.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі