Той қонақтарын отырғызу

Той қонақтарын отырғызу

Той тақырыбы қозғалса айтарымыз таусылмайды. Қазақтың тойы болса ерекше мән беретін тұстары екі есеге артады деуге болады. «Тойдың боларынан, боладысы қызық» - деген сөздің қалғаны да содан болар. Тойхана іздеу, асаба таңдау, той кортежі, шақырту қағаздары, күйеу жігіт және қалыңдық киімдері, тойбастар, мықты фото және видео операторларды іздеу, қонақтар мәселесі тағы бар. Қалыңдық дайындығының өзі неге тұрады. Айта берсек таусылмайды. Ең бастысы той жоспарында барлығын ескеру.  Той дайындығы, оны ұйымдастырудың оңай жұмыс емес екені айқын. Үйімізге екі-үш қонақ келсе айтарлықтай әуреге түсіп жатамыз. Оның жанында екі жүз-үш жүз көлеміндегі қонақты күтудің әуре-сарсаңын елестете беріңіз. Оны ұлын-қызын үйлендіріп, тұрмысқа беріп үлгерген оқырмандарымыз жақсы білетін болар.

 Жалпы қазақ халқының қонақжайлылығы, ұлттық менталитеті, дос-жаранға, көрші-көлеңге, туыс-туғанға деген айрықша қарым-қатынасы, үлкенді-кішісінің тәрбиесі ерекше. Соған байланысты болар халқымыз қонағын құдайындай сыйлап бар жылы-жұмсағын алдына төсеп шығарып салады. Дәл солай үйлену тойына шақырылған қонақтарға да ерекше көңіл бөлінеді. Той дайындығын бастағанда ең алдымен тойға шақырлатын адамдардың тізімін жасау керек болады. Бұнда ескеретін жайт тойдың қандай ауқымда өтетіні және тойға жұмсалатын қаражат көлемі. Себебі, тойға шақырылған қонақтар саны  қаншалықты көп болса сәйкесінше оған жұмсалатын қаражат мөлшері де ұлғая береді. Егер тойды ең жақын адамдарыңызмен шағын ортада атап өтуді ұйғарсаңыз. Шақыратын қонақтарды отбасыңызбен ақылдасып, әулеттің жақын туыс-туғандарын шақырғаныңыз жөн. Бұл жағдайда сізге қонақтарды отырғызу, тілек айту ретін дайындау аса қиындық тудырмайды. Барлық шақырылғандар бір-бірін жақсы танитын әулет мүшелері, сонымен қатар сол отбасы үшін сыйлы қонақтар болғандықтан дастарханға жайғастыру айтарлықтай жеңіл болады. Дегенмен, дастархандас болатын қонақтардың бір-бірін танитындығына немесе қызметегі дәрежесі мен көзқарастарына, жасына қарайлағаныңыз жөн. Ал егер, бар таныс-тамырларыңызды жинап дүбірлі той жасауға шешім қабылдасаңыз біраз жайтты ескеруіңіз керек болады. Әр қонақты дастархан реті бойынша бөліп, қонақтар тойханаға келгенде қайда отырарын сұрап жүрмес үшін немесе асаба айқайлап айтып отырмас үшін арнайы тізім жасатасыз. Бүгінде бұл дәстүрге айналған десекте болады. Қандай той болмасын мейрамханаға кіргенде ең алдымен көзімізді жүгіртіп тізімді іздейтініміз жасырын емес. Оны ұсынудыңда сан алуан түрі бар. Тақтайшаға ілінетін қонақтар тізіміде арнайы дизайында тойдың стиліне, түр-түсіне сәйкестендіріп жасалады. Бұл үшін сіз шақырту қағаздарын жасатқан кез келген типография қызметіне жүгіне аласыз. Егер тойға келетін қонақтар тізімін толық анықтап, оларды отырғызу ретін анықтап алсаңыз дастархан номерін шақыру билеттерінде көрсете аласыз. Бұл сізді артық жұмыстан босатады және әрбір қонаққа деген ниетіңіздің ерекше екендігін білдіреді. Сонымен қатар, той қонағын ұмыт қалдырудан құтқарады. Ал арнайы қонақтар тізімін жасатуға шешім қабылдасаңыз ешкімнің ұмыт қалмағанына көзіңізді жеткізіңіз. Бұл сіздің қуанышыңыз үшін арнайы келген қонаққа ыңғайсыздық тудырады. Өзіңіз үшін де жақсы болмайтыны айқын.

Тойға келіп тілек айтпай кетудің өзі ұят. Біріміз тілек үшін арнайы дайындалып жан тебірентер жылы сөздерді жинасақ, біріміз қысқа әрі нұсқа бақыт тілеуді жөн көреміз. Дегенмен, кімнің болмасын өз айтары бар. Той қонақтарына сөз берудің де өзіндік реті, маңызы бар. Той басталысымен әулет иесінен, үлкен қариядан бата тілек алынады. Бұдан кейін арнайы тілек айту реті болады. Оны да ескеріңіз және асабамен алдын ала ақылдасып, келісіп тілек айтушылар тізімін тапсырып қойыңыз. Өз ісінің нағыз маманы болып, төселіп алған кез келген асаба сізге кеңесін бере алады. Және кімнен кейін кімге сөз беру керектігін еш қиналмай айтып бере алады. Бұл сіз үшін айтарлықтай көмек болады. Ендеше, тойыңызға сәттілік тілейміз!

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі