Үйлену тойына сайыстар ұйымдастыру

Үйлену тойына сайыстар ұйымдастыру

Отбасын құруға шешім қабылдаған кез келген жұп үшін үйлену тойы ерекше күтілетін мерекелердің бірі. Бұл күнді барынша ерекше етіп атап өтуге күш салады. Үйлену той дайындығына барынша тыңғылықты дайындалып, әрбір бөлімге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан да, той дайындығына бірнеше ай бұрын кіріседі. Себебі, әрбір жұп бір рет қана болатын үйлену тойының барынша ерекше әрі ойдағыдай өткенін қалайды. Сонымен қатар, үйлену тойына келген құрметті қонақтардың да ерекше көңіл-күймен, ерекше естеліктермен қайтқанын қалайды. Ол үшін әрине, дастархан басында той тілектерін тыңдап отыру жеткілікіз болады. Сондықтан қуанышты ерекше атап өту үшін қонақтарды да белсене араластырып, түрлі ойындар мен конкурстар ұйымдастырып, той шараларында жиі кездесетін үйреншікті болып кеткен көптеген дәстүрлі ойындарды тың ойлармен өзгерте білу керек. Үйлену тойын ойыңыздағыдай өткізу үшін неден бастау керек?

Жалпы үйлену тойының жақсы өтуі оның қай жерде өтетініне тікелей байланысты. Әдемі декорация, барынша жарық әрі кең зал, қонақтар еркін отырып-тұра алатындай қолайлы орналастырылған үстел–орындықтар, кең би алаңы және ұсынатын ас мәзірі. Сонымен қатар, әрине, талғамыңызға сай болуы. Осы мәселелерді ескере отырып өз таңдауыңызды жасауға болады. Той өтетін орын қаншалықты сіздің көңіліңізден шықса, сондай деңгейде тойдың жақсы өтуіне себепші болады.

Келесі қадам тойды өз қолына алатын, оның жоғарғы деңгейде өтуіне бірден бір қатысы бар талантты асаба таңдау. Жалпы тойдың көңілді, ерекше әсер қалдыруы той кейіпкерлерінен бөлек асабаға да байланысты. Шоу-бағдарламаны, жоғарыда аталған конкурс, ойындарды тың әрі іш пыстырмайтындай, қонақтардың қолдауына ие болатындай қызықтыра білу асабаның тәжірибесін, біліктілігін көрсетеді. Дегенмен, тамаданың ұсынған конкурстары той иелерінің көңілінен шықпауы, немесе қонақтардың деңгейіне, жас ерекшелігіне байланысты сай келмеуі де мүмкін. Сондықтан, тойға дейін асабамен бұл жайтты анықтап алыңыз немесе өзіңіздің нұсқаңызды ұсыныңыз. Көптен ойыңызда жүрген я болмаса ерекше көңіліңізден шыққан ойын болса бағдарламаға кіргізіп қойыңыз.

Той барысында болатын конкурстардың көбісін қонақтар қауымы ортаға шығып берілген шарттарды орындау керек немесе билеу керек деп түсінеді. Сондықтан, алдын ала білмейтін ойын шарттарының кесірінен ыңғайсыз жағдайға түсіп қалудан, оғаш ойын болуынан қорқады. Тойда қонақтардың ойын, конкурстарға белсене араласпай, тыныш қана отыруларының басты себебі де осы. Ойын көңілді болуы керек, бірақ ерсі қатысушыға ыңғайсыздық тудырарлықтай болмауы керек. Сол себептен де ойынды құрастырғанда оның барынша қарапайым болуына мән берген жөн.

Мысалы: биге немесе белсенді қозғалысқа қарсы болатын қонақтар үшін лоторея ойнатуға болады. Оны алдын ала шақырту билетімен бірге, тойбастарға қосымша ретінде тарата аласыз. Және той барысында бір ұтыстан ойнатып отырасыз. Сондай-ақ жас жұбайларға да ерекше ойын қойсаңыз болды. Қалыңдық пен жігіт ортаға шығады. Олардың біріне жұбының дауысы естілмес үшін құлаққап тағылады және керісінше. Негізгі шарты жұптың бір-бірін қаншалықты жақсы білетіндігін тексеріп көру. Сонымен оларға қашан, қай күні, қай жерде таныстыңыздар? Алғашқы кездесуге жігіт (қыз) не киіп келді? Жақсы көретін тағамы қандай және т.б осы тәрізді сұрақтар қойылады? Ойын барысындағы жұптардың эмоциясы, жауаптары қонақтарға күлкі сыйлайтыны анық. Бұл ойынды қонақтар арасындағы жас жұптар мен егде аға-апалардың арасында да ойнатуға болады. Ең бастысы шектен шықпау.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі