Ақсүйек ойыны

Ақсүйек ойыны

Қазақ халқының тарихы өте бай. Сол себептен біздің салт дәстүріміздің түрлері де алуан. Бірақ біздің салттардың көбісі төрт түлік малмен байланысты. Себебі ежелден бастап біздің бабаларымыз көшпенді өмір салтын ұстанған. Ал көшпенді болған халық, малдың етін жеген, оның терісінен кілем тіккен, көрпе, киім жасаған, сүтінен неше түрлі сусындар шығарған. Жалпы айтқанда төрт түлікке қатты мұқтаж болып, онсыз күнің көре алмаған. Сол үшін біздің бірталай салт-дәстүрлеріміз малмен байланысты. Мысал ретінде бірнеше дәстүрлерді келтірсек болады. Бала туылғанда, оны белгілі адамның үзеңгісінен өткізген. Бірінші рет бие сауылғанда Қымызмұрындық ұйымдастырған. Егерде ас беріліп, той өткізілетін болса, онда міндетті түрде мал соятын. Біздің ұлттық ойындарымызда төрт түлік малмен байланысты. Мысалы ретінде көкпар, бәйге, қыз қуу сияқты ойындардың, жылқысыз өткізілуі мүмкін емес. Ал асық, ханталапай деген ойындарда қойдың немесе ешкінің сүйектері қолданылады.

Ақсүйек ойыныңда да малдың сүйегін, жілігін қолданады. Біздің мақаламыз осы ойынға арналады. Ақсүйек - қазақ халқының ұлттық ойыны. Бұл ойын жаздың немесе көктемнің жылы, ашық түнінде ойналады. Түндердің ішінде ай жарық болған түн таңдалады. Себебі қараңғы түнде сүйекті табу қиын соғуы мүмкін. Ақсүйек ойынына он шақты адам қатыса алады. Жиналған адамдар екі топқа бөлінеді. Алдын ала сүйекті лақтыратын адам таңдалады. Кейін ол сүйекті алыс жаққа лақтырады. Лақтырған соң екі топ оны іздеуге кіріседі. Сүйекті тауып алған топ, бір-біріне сүйекті беріп, арнайы сөреге жеткізуі керек. Қарсыластар болса оны тартып алуға тырысады. Сөреге сүйекті апарған топ, жеңген болып есептеледі.  Жеңілген топ болса ән айтып, жеңген топтың көңілін көтеруі тиіс. Бұл ойын жылдамдыққа, шапшандыққа және қараңғылықта жол табуды үйретеді. Ақсүйек – көбінесе жастардың ойыны болып есептеледі. Бұл спорттық және өнерлік  ойынды, жас жігіттер мен қыздар далалы жерге жиналып, бір бірімен қалжындасып, әзіл айтып ойнаған. Ақсүйек бірін-бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған.
 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі