Бастаңғы

Бастаңғы

Бастаңғы – қазақ халқының көне дәстүрі. Бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналады. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрауы керек. Рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Рұқсат сұрамай ұйымдастырса, сол үйде ұрыс, керіс, жанжал болуы мүмкін. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Бастаңғыға келген ауыл жастары өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Осы жиынға өнерпаздар да келетін. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтады. Өнерпаздар домбырамен өлең айтатын. Оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабатын. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептін шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасатын. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтатын. Таңға жақын жастардың жиыны аяқталатын.  Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бос уақыттарын өткізетін.

Бұрынғы кезде, осы дәстүрді қазақ халқы бекер өткізбеген. Осы дәстүрде үлкен мағына бар. Біріншіден, жастар бір бірімен араласып, тіл табысып жақсы тәжірбие алады. Бұл да үлкен өмірге үлкен дайындық болып есептеледі. Егерде адам жас кезінде басқалармен араласуды үйрене алмаса, болашақта үлкен қиындықтарға тап болады. Екіншіден, бойжеткендер дастархан жайып, тамақ пісіріп, келін, ана болуға дайындалады. Үшіншіден, жігіттер мал сойып, ауыр жұмыстарды істеп, үйдің қожайындары, отағалары болуға дайындалады.  Төртіншіден жиналған қыз бен жігіттер, бір бірлерімен сөйлесіп, сезімдерін білдіріп, үлкен өмірге, отбасы құруға өздерін даярлайды.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі.