Мен барған 60 үйлену тойы

Мен барған 60 үйлену тойы

Қай қайсымыз болмасын той қонағы болып көргенбіз және әркімнің есінде қалған қызықты, қуанышты сәттері бар. Біз әртүрлі болғандықтан тойдың өтуін де әртүрлі бағалаймыз. Бірімізге ұнаса, бірімізге өз әсерін қалдырмауы да мүмкін. Қонақтардың біріне ойын ұнамаса, біріне безендірілуі, ал енді біріне жүргізушінің жұмысы ұнамауы мүмкін. Жалпы той туралы ұйымдастырушы немесе той иесі емес қонақ ретінде келген адамның пікірі қандай болады. Осы тұрғыда біз 10 жыл ішінде 60 үйлену тойының қонағы болып үлгерген Шынар ханыммен сұхбат құрамыз.

- Бүгінгі күнге дейін қанша үйлену тойының қонағы болдыңыз?

- Соңғы 10 жылдың ішінде 60 үйлену тойына барыппын. Орта есеппен жылына 5-6 той аз емес деп ойлаймын). 

- Әрбір үйлену тойына арнап жеке көйлек сатып аласыз ба?

- Жалға алатын кездерім болады, бірақ, негізінен көйлекті сатып аламын. Қыз баласы болғандықтан көйлек біз үшін басты орында. Әрбір киген көйлекті екінші рет кигіміз де келмейді. Сондықтан көйлектерді жиі сатып аламын. Ал уақыт жағынан тығыз болса немесе қаржылық жағынан қымбатқа түссе, ал көйлек өзіме ұнап жатса жалға да аламын. Себебі кейбір көйлектер жиі киюге келмейді. Оны сатып алудың қажеті де жоқ.

- Той болған сайын сұлулық салонының қызметіне жүгінесіз бе?

- Барлық кезде деп айта алмаймын, бірақ соңғы 5 жылда сұлулық қызметтерін жиі қолданамын. Сұлулық салондарының жұмысы қанша дегенмен көрініп тұрады. Мысалы, тырнақ боятатын болсақ салонда түрлі мүмкіндіктер бар. Үйде жасай алмайтын дизайн, өрнек, тастармен жасатуға болады. Шаш үлгісі, макияж да дәл солай ұзаққа шыдайды әрі кәсібилік көрініп тұрады.

- Сізге неше рет қыз жолдас болу мүмкіндігі бұйырды?

- Бүгінге дейін 6 рет қыз жолдас болдым. Көбіне қыздар қыз жолдас болып 2-3 рет болуға келісіп жатады (наным-сенім бойынша). Әрине менен де көп рет қыз жолдас болған қыздар бар шығар).

- Тойға сыйлық ретінде көбінесе не бересіз?

- Көбіне ақшалай беремін. Бірде құрбыма фото-мозайка бергенім бар. Ерекше сыйлық жасауға болады әрине. Бірақ уақыт болмауы мүмкін, ал ақша беру артық жұмысты қажет етпейді.

- Сыйлайтын қаражатыңыздың орташа құны қанша?

- 10000 тг

- Заманауи жүргізушілердің жұмысына деген көзқарасыңыз қандай?

- Маған ұнайды. Әсіресе, жүргізуші басқаларға ұқсамайтын болғанда. Себебі, кейбір тойларға барсаңыз шоу-бағдарламаларында немесе ойындарында ұқсастықтар жиі кездесіп қалады. Ондайда не болатынын біліп отырғандықтан болар шыны керек іш пыстырарлық болып өтеді. Заманауи жүргізушілерден жаңа бастамаларды жиі кездестірем. Кәсіби жүргізушілер әр тойды ерекше өткізуге тырысады сондықтан олардың жұмысы көбірек ұнайды.

- Той жүргізушілері өткізетін ойындарға қаншалықты атсалысасыз? Жалпы қатысасыз ба?

- Қатысып көргем жоқ. Конкурс, ойындарға белсенділік танытып ойнауға тырысып көрмеппін.

- Қазақстанның эстрада жұлдыздарынан тойда кімді жиі кездестіресіз?

- Сұңқар, Диета кз топтарын, Роза Әлқожа, Ермек Меденов, 2-3 рет Ұлықпан Жолдасты көргенім бар, Дос-Мұқасан тобын. Тағы бір топты жиі кездестіремін, қателеспесем Тарлан тобы, атын ұмытып тұрмын) «Т» әріпінен басталады)

- Лимузинмен той серуеніне шығу туралы ойыңыз қандай?

- Қарсы емеспін. Бірақ өзім той алды серуенге шығуды ұнатпаймын. Суретке түсу үшін болмаса, басқа маңыздылығы жоқ сияқты. Бірақ той серуені тойдің бір бөлігіне айналып кеткен ғой. Сондықтан кәсіби суреттер үшін шығуға болады).

- Тойдағы фото және видео түсірілім жасайтын операторлар жұмысы көңіліңізден шығады ма?

- Барлық кезде емес. Неге десеңіз, егер кәсіби маман болса олар қалай тұру керек, әдемі кадр шығуы үшін жол көрсетіп айтып жатады. Соған қарай әрине қызықты әдемі суреттер шығады. Ал кейбір фотографтар архив жасау мақсатында түсіре береді. Бұндайда әрине, кәсіби болмағандықтан немесе жұмысқа салғырт қарағандықтан суреттер жаман шығып жатады. Тек маған ғана емес жалпы қонақтарға да бұл ұнамайды деп ойлаймын

- Сіз үшін тойдағы ең қызықты сәт?

- Тәтемнің күтпеген жерден көйлекпен шпагатқа отырғаны есімде қалыпты)

- Сіз үшін тойдағы ең көңілсіз сәт?

- Туыс-туғандары қыймастық тілектерін айтатын сәт. Көбіне қалыңдықтың немесе күйеу жігіттің туғандары інісі немесе қарындастары тілек, өлең айтып жатқан сәттері көңілді толқытады.

- Тойда танысасыз ба?

- Негізі таныспаймын, бір рет танысқанмын, бірақ ол кісі маған ұнамады. Көбіне жақын достарымның тойына баратындықтан таныс емес адамдар жиі бола бермейді.

- Жасыңыз нешеде?

- 30 жастамын

- Тұрмысқа шыққыңыз келеді ме?

- Әрине тұрмысқа шыққым келеді. Сүйген жарын тауып, қалыңдық атану, әсіресе ақ көйлек киіп, той кейіпкері атану қыз біткеннің арманы. Ол арман менде де бар.

- Салтанат залының қандай стильде безендірілуі ұнайды?

- Гүл композициясы немесе мата қолдану. Қалыңдық пен күйеу жігіттің орындары гүлдермен безендіріліп жатады. Ол ұнайды маған)

- Тойдағы қонақтар саны қанша болу керек деп ойлайсыз?

- 250-300 немесе 350 адамнан артық емес. Менің ойымша онда ең жақын адамдар болса болғаны. 500 немесе 700 қонақ шақырып той жасайтындар да бар одан да көп болуы  әбден мүмкін. Ондай кездерде той шашыраңқы, шулы болады. Той жүргізушісі үшін көп адамды өзіне бағыныдыру қиын болып жатады. Мен өзім  200-250 қонақ шақырылған той қалыпты өтеді деп ойлаймын.

- Тілек айту кезінде уақытпен шектеу болу керек деп ойлайсыз ба?

- Біздің еліміз үшін керек) Әрине барлығы тойға келгендіктен ақ тілегін айтып кеткісі келеді. Бірақ уақыт жағын ескермей, 10-15 минут бойы тілек айтып жататындар да бар. Олар көбіне жасы үлкен кісілер: бата береді, тілек айтады. Бірақ сонда да уақыт жағынан  және тілек айтатын адамдар бойынша шектеу болғаны дұрыс деп ойлаймын.

- Беташардың тойда өтуі туралы не ойлайсыз?

- Қалыпты деп ойлаймын. Себебі, ол дәстүр болғандықтан орындалғаны дұрыс. Егер беташар тойда орындалатын болса ол әрине әр отбасының жағдайына, қалауына байланысты.

- Тойбастар немесе бонбоньерка?

- Бонбоньерка. Олар қазір жиі қолданылады, әрі әдемі, жинақы көрінеді. Бүгінге дейін түрлі тәтті салынған қорапшаларды көрдім. Бірі-бірінен өткен әдемі.

- Тойға шақыру қағаздарын естелік ретінде сақтайсыз ба?

- Бұрындары алып қоятынмын. Қазір шыны керек ватсаптан (WhatsApp) сурет арқылы жіберіледі, артынан хабарласып міндетті түрде кел дейді) Жақын адамдарым болғандықтан оны іздеп сұрап жатпаймын.

Өзін, тойдың қонағы орнынан да, қыз жолдас орнынан да байқап көрген Шынар ханымға енді қалыңдық бақыты бұйырсын деп тілейміз және сұхбаты үшін алғыс білдіреміз. Егер сіз қателіктерге жол бермей арманыңыздағы тойды ұйымдастырғыңыз келсе TOi BiZNES.kz сайтынан немесе ұялы телефоныңызға қосымшаны жүктеу арқылы тойыңызды кәсіби деңгейде өткізіп беретін мамандарды таба аласыз.

 

Ақпаратты көшіру және қолдану toibiznes.kz активті гиперсілтемесін көрсеткенде рұқсат етіледі